ШҚО прокуратурасы жұмыспен қамту саласында 12 мыңнан астам бұзушылықтарды анықтады

13 шілде 2018 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
ШҚО прокуратурасы жұмыспен қамту саласында 12 мыңнан астам бұзушылықтарды анықтады - 1510511466

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген бюджеттік қаражатты жұмсау заңдылығына тексеру жүргізді. Қорытындылары кеңейтілген алқа отырысында қаралды. 

Жалған жұмыс орындарын құру, еңбек нарығына лайықсыз мониторинг жүргізу, азаматтарды талап етілмейтін мамандықтарға оқыту фактілері анықталды.   

Нәтижесінде 1,5 млрд. теңге тиімсіз жұмсалған.  

Прокурорлық тексеру заем алушылардың несиені мақсатсыз пайдалануының 20-дан астам фактісін анықтап, олардың барлығына ақшалай қаражатты мерзімнен бұрын қайтару туралы талаптар жолданды.  

Мысалы, Т. деген азамат 15 ірі қара мал сатып алуға жеңілідікпен алған 3 млн. теңгені өзіне қозғалымсыз мүлік сатып алуға жұмсаған.  Енді ол аталмыш соманы қайтаруы тиіс.

«Ауыл шаруашылығын қолдау қаржы Қоры» АҚ филиалы өздерінің қызметін салық органдарында тіркемеген 24 азаматқа 51 млн. астам теңгені негізсіз берген.

Сондай-ақ, 37 заем алушы ірі қара мал сатып алу үшін  82 млн.астам несие алып, бір айдан кейін өз кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан.

Мысалы, облыс тұрғыны 1,5 млн. несие алып, 29 күннен кейін салық органдарының есебінен шығып кеткен.  

Осы фактілері бойынша бұзушылықтар олардың қызметін тіркеу және жаңғырту арқылы жойылды.

Бұдан да басқа, уәкілетті органға жалған құжаттар мен мәліметтері беру арқылы жұмысқа жалған орналасудың 39 оқиғасы анықталды. Келтірілген залал 6 млн. теңге құрады, оның 2 млн. бюджетке қайтарылды. Қалған сома бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

«Ұрлық схемасы» жұмыспен қамту Орталығы қызметкерлерінің көмегімен жүзеге асырылған. Абай ауданында жергілікті кәсіпкер Орталықтың лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, тартылған жұмысшыларға жалақы төлеуге бөлінген  500 мың теңге  бюджеттік қаражатты ұрлаған. Ал, шын мәнінде, жұмыс орындары құрылмаған.

Халықты көшіру бағдарламаларын тексеру кезінде де көптеген заң бұзушылықтар анықталды.

Атап айтқанда, Семей қаласының жұмыспен қамту Орталығына Айнабұлақ, Знаменка, Таңат және Приреченское ауылдық округтерінен облыс ішінде көшуге қатысу туралы 11 өтініш түскен.

Алайда, көші-қон полициясы мен әкімдіктердің мәліметтері бойынша аталған ауылдарда осы отбасылар бұрын тұрмаған. Олар ауылдық округтарда өтініш берерден бірнеше күн бұрын тіркелген.

Сөйтіп, оларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалпы құны 96 млн. теңге құрайтын 11 пәтер заңсыз берілген. Оларды қайтару мақсатында қала әкімдігіне қадағалау актілері енгізілді.

Несиені мақсатсыз жұмсау және өздеріне сеніп берілген мүлікті ысырап ету фактілері бойынша 15 сотқа дейінгі тергеу тіркелді.

Мемлекет пайдасына 471 млн. теңге өндірілді.  

Отырыстың соңында уәкілетті органдардың алдына заң бұзушылықтарды, олардың жасалауына ықпал ететін жағдайлар мен себептерді жоюға бағытталған міндеттер қойылды. Құқық қорғау органдары осы бағытта жұмысты жалғастыруда.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу