ШҚО прокуратурасында жүргізілген талдау қорытындыланды

20 қараша 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
ШҚО прокуратурасында жүргізілген талдау қорытындыланды - 120535737

         Шығыс Қазақстан облысында жер қойнауын пайдаланушылар қатты пайдалы қазбаларды өндіру және барлау кезінде өздеріне келісімшартпен жүктелген міндеттемелерді орындамайды, Бүлінген жерлерді және топырақтың құнарлы қабатын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдамайды, сондай-ақ экологиялық заңнаманы бұзады. Облыс прокурорының қатысуымен өткен ведомствоаралық кеңес отырысында  қаралған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңының сақталуына жүргізілген талдау қорытындысы осындай.

         Облыс аумағында құрамында алтыны бар металдарды іздеу бойынша заңсыз әрекеттер кеңінен таралғаны анықталды, көп жағдайда алтын ашық тәсілмен Ұлан, Көкпекті, Аягөз Жарма, Күршім, Алтай, Бесқарағай, Абай, Шемонаиха, Глубокое аудандарында өндіріледі. Барлау жұмыстарын жүргізу үшін жоғарғы топырақ қабаттарын аршып алу үшін ауыр техника, сондай-ақ өздігінен табатын металл іздегіштер пайдаланылады.

         Күршім ауданында ЖШС-нің бірі «Қызыл тас» учаскесінде табиғи кешен аумағында жер қойнауын пайдалану операцияларын заңсыз жүргізгені анықталды. Кәсіпорынның жер қойнауын өндіруге арналған лицензиялары мен келісімшарттары болмаған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

         Тағы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік жер қойнауын пайдалануын тиісті мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысынсыз жүзеге асырған. Прокуратураның талабы бойынша аталған кәсіпорын басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

         Бұдан басқа, 3 жылда 69 жер пайдаланушы кен өндіру барысында аумақтың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымын дамытуына  міндеттемелерді төлеу бойынша келісімшарттарды бұзған, осының салдарынан бюджетке 456 млн.теңге түспегені анықталды. 

         Мысалы, Большевик кен орнында алтын өндіретін ЖШС 2018 жылы аумақтың әлеуметтік саласын дамытуға 42 млн.теңге бөлуі тиіс болған. Алайда лицензиялық келісімшарт талаптарын орындау жөніндегі есептерге сәйкес ақша қаражаты түспеген.

         Сонымен қатар, облыста жыл сайын 15-20 келісімшарт бұзылатынына қарамастан, жер қабатының құнарлығын қалпына келтіру  жұмыстарын 1-2 жер қойнауын пайдаланушы жүргізетіні анықталды.

         Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша құзыретті органдардың атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді. Облыс прокурорының тапсырмасы бойынша құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы жер қойнауын пайдалану саласында өзекті мәселелерді зерделіп дәйектейтін болады.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу