Абай ауданының прокуратурасы Қарауыл ауылдық округінің әкімдігінде жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге, жаңғыртуға қатысты мемлекеттік сатып алу заңнамасының қолдануына тексеру жүргізді.

18 декабря 2013 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының прокуратурасы Қарауыл ауылдық округінің әкімдігінде 2012 жылы және 2013 жылдың өткен айларында жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге, жаңғыртуға қатысты мемлекеттік сатып алу заңнамасының қолдануына тексеру жүргізді.

Тексеру барысында төмендегі анықталды:

Абай ауданы Қарауыл ауылдық округ әкімдігі 2013 жылы ақпан айында ауылдағы Б.Баян және Қ.Мұхаметханов көшелері бойынша жолдарды орта жөндеу үшін жалпы құны 10,5 миллион теңгеден аса екі электронды конкурстар жариялаған.

Ауыл әкімінің 22.02.2013 жылғы өкімдерімен орта жол жөндеуге қатысты электронды конкурстар өткізуге комиссия құрамын құрып, конкурстар құжаттамаларын бекіткен, осы өтетін екі электронды конкурстарға қатысушылардың  өтінімдерін ашу веб-портал арқылы 25.03.2013 жылға сағат 10.00-ге белгіленген.

Конкурстық комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 623 қаулысымен бекітілген «Электрондық мемлекеттiк сатып алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Ережесінің 31, 33 тармақтарында (әлеуеттi өнiм берушiлер берген электрондық конкурсқа қатысу өтiнiмдері веб-порталда автоматты түрде тіркеледі. Электрондық конкурсқа қатысуға өтiнiмдер берудiң соңғы мерзiмi аяқталғаннан кейiн оған өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейдi) көрсетілген талаптарды бұзып, аталған конкурстық өтінімдерді ашу хаттамаларына сәйкес 25.03.2013 жылы ашудың орынына, тек 30.03.2013жылы сағат 22:45, 23:41 кезінде, 5 күн өткен соң кешіктіріп барып ашқан.

Сонымен қатар, конкурстық комиссиямен Ереженің 44 тармағында (әлеуеттi өнiм берушiлердiң электрондық конкурсқа қатысуға арналған өтiнiмдерiн құрайтын құжаттардың толықтығы мен дұрыс ресiмделуiн қарайды, құжаттардың толық тiзбесiн бермеген және тиiсiнше ресiмделмеген құжаттарды берген әлеуеттi өнiм берушiлердi анықтайды) және 46 тармағында (әлеуеттi өнiм берушi, осы тармақта көрсетілген тиісті құжаттардың электрондық толық тiзбесiн бермеген жағдайда электрондық конкурсқа қатысуға рұқсат берілмейді) көрсетілген заң талаптары да бұзылған.

Онда, электрондық конкурсқа қатысушы «Дерикар» ЖШС кешіктіріп ұсынған 30.03.2013 жылы конкурстық өтінімдері, 26.03.2013 жылы берілген «БТА Банк» АҚ банк кепілдігі қабылданған, қалған конкурстық құжаттары толық тапсырылмаған.

Конкурстық комиссия төрағасы шешімдер қабылдау кезінде аталған кемшіліктерді ескермей, «Дерикар» ЖШС-не артықшылық көрсетіп осы мемлекеттік сатып алу конкурстарын заңсыз өткізген.

Тексеру барысында комиссия мүшесі Д.Ибраев, хатшысы Г.Ерболина жауаптарында электронды конкурстардың өткенін білмегендерін көрсетті.

Аталған электронды конкурстарға екіден кем өтінім берілгендіктен өтпеген деп танылған. Сол себепті, бір көзден сатып алу тәсілімен «Дерикар» ЖШС-мен 19.04.2013 жылы № 18 және № 19 санды келісім -шарттар жасалған. Ал қортынды хаттамалар 22.04.2013 жылы толтырылған.

Келісім-шарттарда көрсетілген талаптар орындалмай, көптеген заң бұзушылықтар орын алған.

Атап айтқанда,  шарттарда көрсетілген жұмыстың орындалу мерзімдері (сәуір -31 шілде 2013 жыл) бұзылған. Осыған орай көрсетілген: «атқарылатын жұмысты мерзімінде аяқтамай кешіктірген әр-бір күнге келісім шарт құнынан 0,1 пайыз айыппұл мемлекеттік бюджет есебіне төленеді» деген талаптарды мердігер «Дерикар» ЖШС-мен орындалмаған.

Сонымен қатар, 2.5 тармағында көрсетілген талаптар бұзылып, Қарауыл ауылы әкімімен мердігердің шотына қаражаттар 2013 жылы шілде айында толықтай аударылған.

Тексеруде Б.Баян көшесінің № 2-1-1 санды локальдық сметаның 2 тарауында көрсетілгендей порталдық қабырға СТ10-8 дана, жиыны 397,8 мың теңге,  жақтау қанаттары блогы СТ4-8 дана, жиыны 355,7 мың теңгенің жұмыстары «Дерикар» ЖШС-мен  жүргізілмегені анықталды.

Бұдан басқа, 22.04.2013 жылы Қарауыл ауылдық округінің әкімі 300 мың теңгеден жоғары атқарылмаған жұмыстарға негізсіз акті толтырып, бюджет қаражатын заңсыз жұмсаған.

Ауыл әкімі өз құзіретіне кіретін өзге де мәселелелерді шешудің заңда белгіленген тәртібін әлденеше рет бұзып, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, cыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық әрекеттерін жасаған.

Тексеру қорытындысы бойынша 04.10.2013 жылы Шығыс Қазақстан облыс прокуратурасы арқылы Тәртіптік кеңес төрағасы атына Заң бұзушылығын жою туралы ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде аудан әкімінің 31.10.2013 жылғы өкімімен Қарауыл ауылы әкімі ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12 бабы, 1 тармағының 10 тармақшасына сәйкес қызметіне толықтай сәйкес еместігі жөнінде ескерту берілді, анықталған заң бұзушылықтар жойылды.

Комментарии

Добавить комментарий